Сыр өңірінің аграрлық саласы қашанда аймақ экономикасының өзегіне айналып келгені белгілі. Алайда соңғы жылдары Сырдариядағы су деңгейінің төмендеуі егіншілерді су үнемдеудің баламалы тәсілдерін кеңінен қолдануға итермеледі. Мемлекет басшысы жүктеген міндетке сәйкес Қазалы ауданының диқандары да осы бағытта жүйелі қадамдар жасап келеді.
Аудан көлемінде су ресурстарын тиімді пайдалану және егіс алқаптарын әртараптандыруға ерекше басымдық берілуде. Бұл ретте өңірдің ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі – «РЗА» акционерлік қоғамының «РЗА-Агро» серіктестігі айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Негізгі қызметі – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды өңдеп, нарыққа шығару. Биыл шаруашылық 4,4 мың гектардан астам жерге егін орналастырды. Оның ішінде 2 238 гектарға күріш, 419 гектарға жүгері, 702 гектарға жаңа жоңышқа және 1 347 гектарға ескі жоңышқа егілді. Аталған серіктестікте бүгінде 210-нан астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Су тапшылығы мәселесі өткір тұрған шақта бұл шаруашылық 2021 жылдан бастап жаңа су үнемдеу әдістерін енгізуге ден қойды. Арнайы жобаға 600 миллион теңгеден астам қаржы бағытталып, Германиядан дренажды құбырлар мен соқа әкелінді. Сонымен қатар Испаниядан жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылып, тәжірибелік алқаптарда тиімділігін көрсетті.
Қолданылып жатқан инновациялық тәсілдер бірнеше бағытта оң нәтиже беруде: біріншіден, су шығыны едәуір қысқарды; екіншіден, өнім сапасы мен көлемі артып келеді; үшіншіден, топырақтың құнарлылығы сақталып, экологиялық тепе-теңдік нығая түсуде.
Жаңа технологияны қолданған қазалылық диқандардың бұл тәжірибесі ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға тың серпін беруде. Алдағы уақытта мұндай әдістерді кеңінен тарату аймақтағы егін шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор үлес қоспақ.