Түркістан облысында ер адам таныстарымен келісіп, жұбайын күштеп әкетіп, кейін психиатриялық мекемеге заңсыз орналастырғаны үшін сотталды.
Тергеу материалдарына сәйкес, үш азамат әйелдің қол-аяғын байлап, оны еркінен тыс Шымкент қаласына жеткізген. Одан кейін күйеуі қажетті медициналық құжаттарға қол қойып, әйелін облыстық психикалық денсаулық орталығына заңсыз түрде жатқызған.
Сот үкімімен ол алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен адам ұрлау, психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру және оқ-дәрілерді заңсыз сақтау баптары бойынша кінәлі деп танылды. Нәтижесінде сот оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал қылмысқа қатысқан басқа екі азамат 8 жылға сотталды.
Сонымен қатар, сот шешімі негізінде айыпталушы жәбірленушіге 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

