Астана қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде әскердегі сексуалдық зорлық-зомбылық туралы жалған оқиға ойлап тауып, елден кетуге ақша жинамақ болғаны үшін сотталды.
Оқиға ақпан айында болған. Ер адам Threads әлеуметтік желісінде анонимді жазба жариялап, өзін әскерде сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны ретінде көрсеткен. Сондай-ақ өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге шығу үшін қаржылай көмек сұраған. Жазбаға ақша аударуға арналған банк реквизиттерін де тіркеген.
Алайда желі қолданушыларының бірі жарияланған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын анықтаған. Тергеу барысында ер адамның ешқашан әскери қызмет өтемегені белгілі болды. Ол ақша жинау үшін бұрын алдап соққан 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған.
Мәліметке сәйкес, екі күннің ішінде аталған шотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен.
Тергеу кезінде күдікті жалған ақпаратты қаржылай пайда табу мақсатында жариялағанын мойындады. Сот оны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

