Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қайғылы оқиғалардан кейін жауапты шенеуніктердің жұмысы тексеріле бастады.
Байзақ ауданында 15 жастағы оқушы төбелес салдарынан алған жарақатынан көз жұмған. Ал тағы бір оқиғада жоғары сынып оқушыларының соққысына жығылған 9-сынып оқушысы жансақтау бөліміне түскен.
Бұл жағдайлар өңірдегі балалар қауіпсіздігі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы штаб отырысын өткізіп, жауапты мекемелердің жұмысын сынға алды. Әсіресе Байзақ, Жамбыл, Қордай және Талас аудандарындағы профилактикалық шаралардың тиімділігіне назар аударылды.
Аймақ басшысы мектеп психологтарының қызметін қайта зерделеуді, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлғаға қатысты қызметтік тексеріс жүргізіп, тәртіптік жауапкершілік мәселесін қарауды тапсырды.
Бір баланың өмірі қиылып, екіншісі аурухана төсегінде жатқанда, балалар қауіпсіздігіне жауапты мекемелердің жұмысына сұрақ туындауы заңды.
Ендігі мәселе тексерістің немен аяқталатынында ғана емес, мұндай қайғылы жағдайлардың қайталанбауы үшін қандай нақты шара қабылданатынында.
