Қазақстанда энергетикалық сусындарды сатуға және олардың айналымына толық тыйым салу мәселесі көтерілді. Мұндай бастаманы «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды.
Ұйым өкілдерінің пікірінше, энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға қойылған шектеу мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені мұндай өнімдерді тұрақты тұтыну ересектердің де денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
2022 жылғы HBSC зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы 11–15 жас аралығындағы әрбір бесінші оқушы энергетикалық сусындарды аптасына кемінде бір рет тұтынған. Ал 3 пайызы күн сайын ішетінін көрсеткен.
Осыған байланысты қоғамдық бірлестік энергетикалық сусындардың айналымына, жарнамасы мен насихатына толық тыйым салуды және заң талаптарын бұзғандарға жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр.
Бастаманы іске асыру үшін алты айдан аспайтын өтпелі кезең қарастырылған заңнамалық өзгерістер әзірлеу ұсынылды.

