Солтүстік Қазақстан облысында өз сиырын сатып жіберген әйел полиция қызметкерлерімен бірге екі күн бойы малын іздеген.
Тұрғынның айтуынша, ол үйінен шығарда қақпаны жабуды ұмытып кеткен. Қайтып келгенде сиырының жоғалғанын байқап, полицияға хабарласқан.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарын бастап, қызметтік иттер мен дронды жұмылдырған.
Алайда тексеру барысында күтпеген жайт анықталды. Белгілі болғандай, әйел сиырын 550 мың теңгеге өзі сатып жіберген.
Полиция мәліметінше, тұрғын малды әпкесіне қаржылай көмек көрсету мақсатында сатқан. Ал бұл әрекетін күйеуінен жасыру үшін сиыр жоғалды деген жалған ақпарат берген.
Нәтижесінде полиция қызметкерлерін екі күн бойы әуре-сарсаңға салған әйел жалған шақырту жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Осылайша, отбасылық мәселені жасыру әрекеті құқықтық жауапкершілікке ұласты.

