Мәжіліс жол саласын реформалау мәселелері бойынша кейбір заңдарға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қарастыруда, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Бұл заң жобасында ақылы жолдарды пайдалану мәселесіне қатысты жаңашылдықтар қарастырылған.
Orda порталы хабарлағандай, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың айтуынша, заң жобасына сәйкес ақылы жолдардан түскен қаражат тек ақылы жолдардың ғана емес, халықаралық және республикалық маңызы бар тегін жолдарды жөндеу мен күтіміне жұмсалады. Бұл өзгеріс «Автомобиль жолдары туралы» заңға енгізілмек.
Сонымен қатар, Мәжіліс сайтында жарияланған заң жобасында өте маңызды тармақ бар – ақылы жолдарды пайдаланғаны үшін қарыздарды өтеу талаптары. Бұл өзгерісті «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізу ұсынылуда.
«68-баптың бірінші тармағын (көлік құралын мемлекеттік тіркеуден бас тарту негіздері) келесі мазмұндағы сегізінші тармақшамен толықтыру ұсынылады: „8) республикалық және халықаралық маңызы бар жалпы қолданыстағы ақылы автожолдармен (учаскелерімен) жүру үшін қарыздың болуы», – делінген заң жобасы мәтінінде.
Осылайша, егер көлік иесінде ақылы жолдармен жүру бойынша берешек болса, ол көлігін сата да, қайта тіркете де алмайды.
Бұдан бөлек, құжат әзірлеушілер автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын жобалау, салу, қайта құру, жөндеу кезінде ғылыми-техникалық сүйемелдеуді күшейтуге бағытталған бірқатар өзгерістерді ұсынды. Бұл жаңашылдықтар жаңа технологиялар мен материалдарды енгізуді қамтамасыз етіп, битуммен жабдықтау мәселесін шешуі тиіс.
Қазіргі уақытта мәжілісмендер заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуде, оны Палата отырысында талқылау жоспарланып отыр.
Қазақстандағы ақылы жолдардың бағасы қаншалықты қымбаттайтынын көлік министрі Марат Қарабаев 4 ақпанда өткен баспасөз конференциясында мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, 2024 жылы елдегі жол инфрақұрылымын жаңарту басты мәселелердің бірі болды. Бұл тақырып көптеген сынға ұшырады, себебі жол саласында жемқорлық оқиғалары тым жиі кездесетін.