Астанада балаларды балабақшаға орналастыруды сылтау етіп, ата-аналарды алдаған қала тұрғыны сотталды.
Прокуратура мәліметінше, ол сегіз ай бойы 2ГИС қосымшасы арқылы балабақшадан орын іздеген ата-аналармен байланысқа шыққан. Таныстары арқылы мәселені шешіп беруге уәде етіп, тоғыз адамнан жалпы 590 мың теңге алған.
Сот оны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырды. Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы талаптары қанағаттандырылды.
Елорда прокуратурасы ата-аналарды балабақшаға орналастыру мәселесінде делдалдарға сенбей, тек ресми мемлекеттік қызметтерді пайдалануға шақырды.

