Ресей мен Қазақстан ІТ-компанияларының кооперациясы спутниктік интернет жобасын жылдамдатуы мүмкін, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Ulysmedia.kz мәліметінше, бұл туралы Ресей үкіметі аппаратының жетекшісі Дмитрий Григоренко мәлімдеді, деп жазады ura.ru.
2030 ЖЫЛҒА ДЕЙІН — 292 СПУТНИК
Григоренконың айтуынша, жоба аясында 2030 жылға дейін Жердің төмен орбитасына 292 спутниктен тұратын топтаманы ұшыру көзделіп отыр. Бұл жүйе жер бетіндегі адамдарға қолжетімді және жылдам интернет таратуға мүмкіндік береді.
Қазірге дейін небәрі алты спутник қана ұшырылған. Сондықтан жобаның қарқынын үдету үшін оның құнын арзандату жолдары қарастырылып жатыр.
ҚАЗАҚСТАНМЕН ӘРІПТЕСТІК ЖОБА
Ресей қаржы университетінің бизнес-информатика кафедрасының профессоры Борис Славинның пікірінше, Қазақстанмен бірлескен жұмыс бұл жобаны тиімдірек етуі мүмкін.
— Қолжетімді интернетке арналған төмен орбиталық спутниктік жүйе 2030 жылға қарай 300-ге жуық аппараттан тұруы тиіс. Қазірге дейін алтауы ғана ұшырылды. Жобаны жиі іске қосу үшін оның бағасын арзандату қажет. Мұнда Қазақстанмен кооперация көмектесе алады, өйткені бұл салада екі елдің де тәжірибесі бар. Астананың цифрлық даму деңгейі жоғары, әрі мықты мамандар жетерлік. Қазақстан үкіметі бұл жобаға мүдделі болса, спутниктерді ұшыру әлдеқайда тиімді болар еді, дейді Славин.
НАҚТЫ МЕРЗІМ
Ресейлік тараптың мәлімдеуінше, ортақ спутниктік интернет жобасы 2030 жылға дейін толық жүзеге асады. Егер екі ел арасындағы ынтымақтастық арта түссе, бұл мерзім бұдан да ертерек орындалуы ықтимал.