Клиенттен қазақша сөйлеуін сұраған Magnum курьері Еркін мен оның жұмыстан шығарылуына себеп болған клиент Асылхан татуласқандарын айтып видеоүндеу жасады, деп хабарлайды kaztoday.kz.
Әлеуметтік желілерде Magnum супермаркеттер желісінің курьерінің жұмыстан шығарылуы қоғамда үлкен талқыға түсті. Бұл жағдай курьердің клиенттен қазақ тілінде сөйлеуін сұрауынан кейін болған.
Клиент Асылхан есімді азаматтың айтуынша, ол Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс берген кезде, курьер одан қазақша сөйлеуді талап еткен. Кейін бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланып, нәтижесінде курьер жұмыстан қуылған.
Magnum компаниясы бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, курьердің жұмыстан шығарылуы тек тіл мәселесіне байланысты емес екенін айтты. Олардың мәліметінше, курьер клиенттермен бірнеше рет дөрекі сөйлескен.
Компания барлық тұтынушыларға бірдей құрметпен қарайтынын және қызмет көрсету мәдениетін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Бұл жағдай қоғамда үлкен наразылық тудырды. Көптеген қазақстандықтар Magnum желісіне бойкот жариялайтынын мәлімдеді. Әлеуметтік желі қолданушылары компанияның әрекетін сынға алып, мемлекеттік тілге деген құрметтің төмендігін атап өтті.
Еркін мен Асылханның татуласқандарын айтқан видеосын журналист Үйтолған Жареке өз парақшасында жариялады.
«Әлеуметтік желіде маған және Magnumға қатысты әңгіме болып жатыр. Баршаңызға қолдауларыңыз үшін үлкен рахмет айтамын. Өмір болған соң түсінбеушіліктер болып тұрады. Бәріміз қазақпыз ғой, елімізге татулық пен тыныштық керек. Екеуміз кездесіп, татуласып, қол алыстық. Қазір Magnum-да жұмысымды жалғастырып жатырмын. Бәрі жақсы, жұмыс берушіге ешқандай шағымым жоқ. Осымен мәселеге нүкте қойып, тоқтатсақ деймін«, — дейді Еркін.
Ал, Асылхан жағдайдың бұлай болғанына өкінетінін айтты.
«Екеуміздің бір-бірімізге ешқандай өкпе-ренішіміз жоқ», — дейді ол.