Қазақстанда қарасора өсіруді заңдастыруы мүмкін, деп хабарлайды kaztoday.kz.
17 сәуір – Қазақстанда техникалық қарасораны өндірістік мақсатта өсіруді заңдастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Тиісті заң жобасы 16 сәуір күні Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлады «Мой Город» басылымы.
Құжатта каннабис өнеркәсібін дамыту және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау көзделген. Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділовтің айтуынша, әңгіме тек қана психобелсенді заты — тетрагидроканнабинолдың (ТГК) мөлшері 0,1–0,3% болатын техникалық қарасора жайында.
«Мұндай қарасора есірткі бизнесіне қызық емес және есірткілік қасиетке ие емес», — деді Әділов.
Техникалық қарасораны өндіру мен өңдеуді Ішкі істер министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп бақылайтын болады. Бұл ведомстволар ТГК мөлшерін бақылау шараларын әзірлеп, белгіленген нормалардың сақталуын қадағалайды.
Нашақорлыққа қарсы күрес комитетінің мәліметінше, елде техникалық қарасора өсіруге төрт лицензия берілген. Мәжіліс бұл бастама отандық және шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік береді деп атап өтті.
ТГК мөлшерін бақылау Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырында болады, ал шикізатты өңдеумен Индустрия министрлігі айналысады.
Дереккөз: ZHEST_KZ