Қазақстанда тағы да қант тапшылығы туындауы мүмкін бе?
Жаз жақындап қалды — бұл қантқа деген сұраныс дәстүрлі түрде артатын мезгіл. Сарапшылардың айтуынша, бұл өнімді өндіруде тағы да мәселелер туындап отыр.
Energyprom мәліметінше, алғашында мемлекет қант қызылшасының егіс алқаптарын ұлғайтатынын хабарлаған. Мұны табыс табудың жақсы мүмкіндігі деп көрген фермерлер несие алып, техника сатып алған. Алайда кейінірек саланы дамыту бойынша кешенді жоспарға өзгерістер енгізіліп, егіс көлемін ұлғайтудың орнына, қысқарту туралы шешім қабылданды.
Нәтижесінде елде қайта өңдеуге келмейтін қызылша пайда болды.
2024 жылы Қазақстан қант қызылшасын егу көлемі бойынша рекордтық көрсеткішке жетті — 25 мың гектар, бұл 2023 жылмен салыстырғанда үштен бір есе көп. Өнімділік те 379 центнерден 507,3 центнерге дейін өсті. Өткен жылы қазақстандық аграномдар 1,3 млн тонна қызылша жинады.
Алайда бұл көлемдегі өніммен не істеу керектігі билік тарапынан ескерілмеді. Қазақстандағы қант зауыттары бұл өнімнің тек 58,3 пайызын ғана өңдей алады. Жиналған қызылшаның жартысына жуығын өткізе алмай қалды. Елде бар болғаны үш қант зауыты ғана бар, олар 700 мың тонна шикізатты өңдей алды. Қалған қызылшаны шұғыл түрде Қырғызстанға сату не жоюға тура келді.
Нәтижесінде Қазақстанда қант өндірісі артудың орнына, керісінше, өткен жылмен салыстырғанда 25,2 пайызға азайды. Бұл әлі де нақты емес деректер, бірақ көңіл көншітпейді.
Елдегі қант зауыттарына шұғыл жаңғырту қажет. Бұл кәсіпорындардағы құрал-жабдықтардың кейбірі 90 жылдан бері қолданылып келеді. Сондықтан мол өнімнің өзі саланы құтқара алмайды — қызылша алқапта шіріп кетуі мүмкін.
Тиімсіз жоспарлау жақсы ниеттерді де жоққа шығарады. Билік 2026 жылға дейін ішкі нарықты қантпен 43 пайызға қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Алайда бұл батыл жоспарлар жүзеге аса ма, ол әлі де үлкен сұрақ…