Экс-президент 11 жылға сотталды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Бішкек қалалық соты Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты 11,5 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім сырттай шығарылды, себебі ол қазіргі уақытта ел аумағында жоқ.
Тергеу деректері бойынша, Атамбаев Шу облысындағы Қой-Таш ауылында жер учаскелерін заңсыз иеленіп, заңсыз жолмен мүлік жинаған. Сонымен қатар, ол 2019 жылдың 7–8 тамызында Қой-Ташта болған қақтығыстарға тікелей қатысқан деп айыпталды.
Атамбаев Қырғызстанды 2011–2017 жылдар аралығында басқарған. 2019 жылы оған жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, тамыз айындағы Қой-Таштағы оқиғадан кейін қамауға алынған.
Оған қатысты бірнеше іс бойынша сот өткен. Кейбір істерде ақталғанымен, бірқатар ауыр айыптаулар бойынша кінәлі деп танылды. 2023 жылдың ақпан айында түрмеден босап шыққан Атамбаев сол күні-ақ шетелге, нақтырақ айтқанда Испанияға емделуге кеткен. Ол содан бері Қырғызстанға қайтып оралмады.