Қазақстанда екі айдан кейін мобильді аударымдар «жаңа әдіспен» тексеріле бастайды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарды тексерудің жаңа шарттары осы жылдың қыркүйегінен бастап күшіне енетінін мәлімдеді.
«Бүгінде мобильді аударымдар мониторингі бойынша (ақпарат — еск.) келіп жатыр. Ол жерде басқа критерийлер болды. Қазір үшінші критерийді қарастыратын бұйрық дайын. Ол бүгінгі заң жобасынан кейін (салық мәселелері бойынша — еск.) қабылдануы керек еді. Заң қабылданды, ол 60 күн ішінде күшіне енеді. Соған сәйкес нормативтік құжат қабылдап, жұмыс істейміз. Қыркүйект жұмысын бастайды», — деді Ержан Біржанов.
БАҚ өкілдері тарапынан қойылған «туыстар арасындағы аударымдар тексеріле ме» деген сауалға вице-министр үш айда 100 түрлі адамнан ақша аударымдары болуы керек екенін айтты.
«Егер анасы қызына, әкесіне, ағасына ақша аударса – ешқандай сұрақ туындамайды. Тіпті бұл 1-2 миллион теңге болса да, мәселе жоқ. Барлық критерий бір мезетте орындалуы керек, барлық шарт. Бірінші: 100 түрлі адам. Егер екі адам бір-біріне, тіпті 10 адам болса да… Енді сізге жыл сайын ақша аударатын 100 туысқаныңыз жоқ шығар. Онда бұл критерийге сәйкес келмейсіз. Екінші: егер 100 адам үш айда бір адамға ақша аударатын болса. Үшінші: сома 1 миллион теңгеден асқан жағдайда», – деп қосты Біржанов.