Жамбыл облысында ер адам әйелімен ренжісіп, көлігін өртеп жіберген, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Жамбыл облысында ер адам азаматтық некедегі әйелінің көлігін қасақана өртегені үшін сот үкімімен 3 жыл 6 айға бостандығы шектелді.
Соттың мәліметінше, А. есімді азамат бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны үшін айыпталған.
BMW 530i маркалы көлікті азаматтық некедегі жұп несиеге алған. Жалпы құны – 4 млн теңге, алғашқы жарна – 800 мың теңгені құраған. Жәбірленуші И. есімді әйелдің жүргізуші куәлігі болмағандықтан, көлік уақытша А.-ның иелігіне берілген, сақтандыру полисі де жасалған.
2025 жылдың наурыз айының соңында олардың арасында жанжал туындап, ер адам ашуға берілген. Сотта айтылғандай:
«Азамат жанармай бекетінен 5 литр бензин сатып алып, көлікті далаға айдап апарып, бензинді салонына және қозғалтқыш бөлігіне төгіп, от қойып өртеп жіберген», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде жәбірленушіге 4,4 млн теңге көлемінде залал келген. А. кінәсін толық мойындап, шығынды өтеген.
Сот үкімімен ол 3 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасына кесілді.