Халқының тәуелсіздігі жолында ерлікпен күрескен даңқты қолбасшы Жанқожа Нұрмұхамедұлының тарихи қылышының көшірмесі туған жеріне жеткізілді. Баба ұрпақтарының бастамасымен жасалған бұл жәдігер бүгін Қазалы аудандық музейінің экспозициясынан орын алды. Ал түпнұсқа қылыш қазіргі таңда ҚР Ұлттық музейінің қорында сақтаулы тұр.
Аудандық «Руханият» орталығында өткен «Ұлы ерлікке тағзым: Жанқожа батырдың қылышы – ұрпақ аманаты» атты тағылымды шараға жергілікті билік өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым және батырдың ұрпақтары қатысты. Жиналғандар алдымен Жанқожа баба кесенесіне барып, рухына құран бағыштап қайтты.
Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев ашып, батырдың қолынан өткен қасиетті қылыштың көшірмесін елге табыстаудың терең маңызын атап өтті.
– Бұл – бір ғана жәдігердің тарихы емес, тұтас ұлттың азаттық рухына тағзым ету. Жанқожа Нұрмұхамедұлының ұстаған қылышын туған жерге жеткізіп отырған ұрпақтарына алғыс айтамыз, – деді ол.
Келесі кезекте еңбек ардагері Берік Бисембаев пен батыр ұрпағы Алғашбай Байкөбеков сөз алып, бұл істің тек бір әулеттің ғана емес, барша елдің ортақ еңбегінің жемісі екенін жеткізді. Шара барысында тарихшылар да сөз сөйлеп, Жанқожаның ерлік жолына тоқталып, оның елдік мүдде жолындағы қызметін жан-жақты баяндады.
Салтанатты рәсімде қылыштың көшірмесі көпшілік назарына ұсынылып, арнайы экспозицияға қойылды.
Айта кетер жайт, түпнұсқа қылыш талай кезеңді бастан өткерген. Ол алғашында украиналық іздеушілердің қолына түсіп, кейін Ресейде сараптамадан өткен. Одан соң отаншыл азаматтардың күшімен сатып алынып, Қазақстанға жеткізілген. Тарихи деректерге сүйенсек, қылышты Жанқожа батырға Кенесары хан сыйға тартқан. Батыр бұл қаруды жауға қарсы жорықтарда өзі қолданған. Қылыш жүзінде арабша жазулар бар: бірінде «Жанқожа Нұрмұхамедұлы баһадүрге саурат (сыйлық)», екіншісінде «Созақ, 1845 жыл» деген жазу өрнектелген.