Елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жалғасуда. Осыған орай аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті.
Жиынға жұмыс сапарымен келген Қызылорда облысы бойынша Статистика департаменті басшысының орынбасары Айбек Жантөреұлы мен ауыл шаруашылығы статистикасы бөлімінің бас маманы Ғалымжан Хайруллаұлы қатысып, аудан көлеміндегі санақ барысына қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың 1 тамызынан бастап ұлттық ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңі басталған. Бұл кезеңде аудан бойынша 1093 субъект санақтан өтіп, жалпы 1126 ауыл шаруашылығы субъектісі тіркелген. Нәтижесінде жоспардың орындалу көрсеткіші 97,1 пайызды құрады. Бірінші кезеңді толық аяқтау мерзімі 20 қыркүйекке дейін белгіленіп отыр. Ал осы күннен бастап санақтың екінші кезеңі іске қосылады.
Мәжіліс барысында сала мамандары өздеріне қажетті сұрақтарын қойып, департамент өкілдерінен заңдылықтарға сәйкес нақты жауап алды.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық сектордың қазіргі ахуалын жан-жақты зерделеп, алдағы стратегиялық жоспарларды тиімді құруға мүмкіндік беретін маңызды іс-шара екені атап өтілді.