Қызылорда облысында агроэкономиканы жетілдіру және аграрлық ғылымның дамуына арналған кеңес өтті. Жиынды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев басқарды. Кездесуге мәслихат депутаттары, басқарма мен департамент басшылары, ғалымдар және шаруашылық өкілдері қатысты. Онлайн байланыс арқылы қала мен аудан әкімдері де қосылды.
Әкім Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді сапалы орындаудың маңыздылығына тоқталып, сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы ғылымын дамытпай, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты өсіру мүмкін емес. Сол себепті заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу, өнім өндіру мен өңдеуді арттыру, ғылыми зерттеулерге қолдау көрсету – басты бағыттардың бірі болуы тиіс.
«Ғылым мен өндірістің байланысын күшейтіп, жаңа жобаларды қолдау қажет. Цифрландыру арқылы еңбек өнімділігін арттыруға және ресурстарды тиімді пайдалануға қол жеткіземіз. Сондай-ақ, Ыбырай Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу институтының жұмысын күшейтіп, жас мамандарды тарту – маңызды міндеттердің бірі», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев суды аз қажет ететін дақылдарды көбейту бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндады. Ал Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев аграрлық ғылымның инновациялық дамуы жайында айтты. «Ер-Әлі» шаруашылығының төрағасы Әліби Бекжанов өндірісті цифрландырудың тиімділігіне тоқталса, Қорқыт Ата университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова кадр даярлау мен ғылыми жобаларды өндіріске енгізу тетіктерін ұсынды.
Биылғы жылдың сегіз айында өңірде 66,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артқан. Ал тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 16 пайызға өскен.
Әкім жиын соңында берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

