Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірдегі бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асу барысымен танысып, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға берген болатын. Сапар барысында облыс тұрғындары ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айрықша қолдайтындарын жеткізді.
Сыр өңірі әрдайым мемлекет саясатындағы жаңғыру мен реформаларға сергек үн қатып келеді. Бүгінде аймақтағы инфрақұрылымдық жобалар, ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы бастамалар нақты нәтижелерін беруде. Бұл – Мемлекет басшысының өңірге көрсеткен қолдауы мен қамқорлығының айқын көрінісі.
Президенттің жергілікті қауымдастықпен кездесуінде айтқан су мәселесін шешу, жастар тәрбиесін назарда ұстау, цифрлық өрлеу, жасанды интеллект дәуіріне бейімделу жөніндегі ой-тұжырымдары аймақ тұрғындарына ерекше әсер етті. Әсіресе, Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхананы Қызылордада салу жөніндегі ұсынысы халық тарапынан зор қуанышпен қабылданды.
Мемлекет басшысының:
«Облыс жақсы дамып келеді. Қарқыны жоғары» – деген әділ бағасы өңір тұрғындары үшін үлкен серпіліс болды. Бұл сөздер Сыр елінің ынтымағы мен бірлігінің, еңбекқорлығы мен табандылығының қадірін айқын көрсетті.
Сапардан кейін қызылордалықтар Президентке арнайы алғыс хат жолдады. Онда:
«Барша Сыр жұртшылығы атынан Сізге шынайы алғысымызды білдіреміз. Әділетті, Қуатты, Таза Қазақстанды құру жолындағы бастамаларыңызды толықтай қолдаймыз. Тәуелсіз елдің өсіп-өркендеуі жолындағы тарихи миссияңызға мол табыс, мықты денсаулық және қажымас қайрат тілейміз», – делінген.
Алғыс хатына өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, әйелдер кеңесі, қоғамдық ұйымдар мен жастар қол қойды. Бұл – Қызылорда халқының ел болашағына деген сенімі мен бірлігінің белгісі.
