Қазақстанда жекеменшік білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, енді жекеменшік мектептердің жұмысы мемлекеттік білім беру стандарттарымен толық сәйкестендіріліп, бірыңғай талап бойынша бақыланады. Барлық процестер цифрландырылып, мектептердің қызметі ашық әрі заң аясында жүргізілуі қадағаланады. Соның нәтижесінде талапқа сай жұмыс істейтін білім беру ұйымдарының бірыңғай тізімі жасақталады.
Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Кейбір кәсіпкерлер мектепті білім беруге мүлде сәйкес келмейтін ғимараттарда – қойма, монша сынды нысандарда ашқан. Жекелеген жағдайларда оқушылар тек құжат жүзінде тіркеліп, сабақ өткізілмегені белгілі болды. Сонымен қатар міндетті пәндер толық оқытылмай, оқу бағдарламасы сақталмаған.
Министрлік талаптарды орындамаған мектептерді мемлекеттік қаржыландырудан шеттетеді. Бюджет қаражаты тек материалдық базасы талапқа сай, білікті педагогтары бар және оқу бағдарламасын толық орындайтын білім ошақтарына ғана беріледі.
Сондай-ақ министр жекеменшік мектептерге қатысты жалған ақпарат тарататын және делдалдық қызмет ұсынатын күмәнді ұйымдарға сенбеуге шақырды. Ресми ақпаратты тек уәкілетті органдардан алу қажет екенін ескертті.
Айта кетейік, бұл жекеменшік мектептердің қызметіне қатысты талаптарды күшейту жөніндегі алғашқы мәлімдеме емес. Министрлік саладағы тәртіпті жүйелеуді жалғастыра бермек.
