Ақмола облысында орын алған аса ауыр қылмыс қоғам назарын аударды. Облыстық полиция департаменті Аршалы ауданы аумағында тіркелген адам өлтіру дерегі бойынша тергеу амалдарын тікелей бақылауға алғанын мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында болған қатыгез қылмыс туралы ақпарат кеңінен тарады. Жарияланған деректерге сәйкес, ер адам өз отбасы мүшелеріне қол көтеріп, оларды өлтірген деген күдік бар. Кейбір бейресми мәліметтерде төрт адамның қаза тапқаны айтылуда.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі күдікті азаматтың ұсталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық мән-жай анықталуда. Тергеу құпиясына байланысты қосымша ақпарат жария етілмейді.
Сонымен қатар полиция өкілдері тұрғындарды жалған және тексерілмеген мәліметтерді таратудан сақ болуға шақырды. Қазіргі таңда мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар тарап жатқанын ескерткен тәртіп сақшылары ресми дереккөздерге ғана сенуге үндеді. Көрінеу жалған ақпарат таратқан тұлғалар заң алдында жауап беретінін де еске салды.
