Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желілерде исламға, Құранға, Қағбаға, Мұхаммед пайғамбарға және имамдарға қатысты қорлау сипатындағы жазбалар қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін екенін мәлімдеді.
ҚМДБ әсіресе имамдарға бағытталған “заңсыз неке қияды” және “балаларды сабақ уақытында мешітке жинайды” деген айыптауларға тоқталды. Басқарма бұл ақпараттарды жоққа шығарып, мешіт қызметкерлері оқушыларды сабақтан алып кетпейтінін хабарлады.
Сондай-ақ діни басқарма дін қызметкерлері балалардың толыққанды зайырлы білім алуын қолдайтынын атап өтті.
ҚМДБ арандатушылық сипаттағы және діни алауыздыққа себеп болуы мүмкін мәлімдемелер үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, қажет жағдайда құзырлы органдарға шағым түсіретінін жеткізді.
