Қызылорда облысы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазалы ауданының 2026 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз брифингі өтті.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр өңіріне деген ерекше қолдауымен, Үкімет пен облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың басшылығымен Қазалы ауданында жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Алты айдың қорытындысы бойынша аудан экономикасында тұрақты өсім сақталып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
2026 жылға арналған аудан бюджеті 13,6 млрд теңге болып бекітіліп, бүгінде 14,2 млрд теңгеге нақтыланды. Ауданның өз кірістерінің жоспары 4,3 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, І жартыжылдықта жоспар 103,4 пайызға орындалды. Есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 16,6 млрд теңгені құрап, өсім 100,2 пайыз болса, өңдеу өнеркәсібі – 14,7 млрд теңге, ауыл шаруашылығы – 4,8 млрд теңге, құрылыс жұмыстары – 6,2 млрд теңге, инвестиция көлемі – 10,1 млрд теңге, сауда көлемі – 6,8 млрд теңге болып, барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасты.
Кәсіпкерлікті дамыту бағытында бүгінде ауданда 4 935 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оның 4 829-ы белсенді жұмыс жасауда. Жыл басынан бері 9 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, 25 тұрақты жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге 188 жоба бойынша 1,6 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Инвестициялық жобалар аясында 1 млрд 95 млн теңгенің 3 ірі жобасы жүзеге асырылуда. Соның ішінде Басықара ауылындағы «Арал рыбторг» ЖШС жүзеге асырып жатқан 650 млн теңгелік тауарлы балық өсіру жобасы биыл күзде алғашқы өнімін береді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2026 жылы 88 жобаны қаржыландыруға 850 млн теңге бөлініп, 103 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл 12 мың 245 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Су үнемдеу технологияларын енгізу және егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, ауданнан Ресей, Польша, Германия, Түркия, Қытай, Нидерланды және басқа да елдерге 2 403 тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында маңызды жобалар іске асырылуда. Өткен жылы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен және бюджет қаржысы арқылы Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек ауылдары таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп, бүгінде Қазалы ауданы халқы 100 пайыз сапалы ауыз суға қол жеткізді. Электр желілерін жаңғырту жұмыстары Қазалы қаласында, Қожабақы және Ү.Түктібаев ауылдарында жүргізілсе, алдағы уақытта Құмжиек пен Қарашеңгел ауылдарының электр желілері толық жаңартылады.
Газдандыру бағытында Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарының орамішілік газ желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін аталған төрт елді мекен табиғи газға қосылып, аудан халқын газбен қамту көрсеткіші 86,3 пайызға жетеді.
Автомобиль жолдары мен көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да ауқымды жұмыстар жалғасуда. Әйтеке би кентіндегі айналма жол мен бірқатар көшелер қайта жаңғыртылып, жаяу жүргіншілер жолдары салынуда. Сонымен бірге, көп жылдан бері халық күткен «Қарлан» көпірінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде барлық 84 свай қағылып, жоспарланған 8 тіреудің 5-еуі орнатылды. Көпірді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Құрылыс саласында тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта ауданда 200 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы басталады деп жоспарлануда.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында биыл Бекарыстан би ауылындағы жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Жақын күндері Әйтеке би кентіндегі жаңа Мәдени-демалыс кешені мен Қожабақы ауылындағы спорт кешені ел игілігіне табысталмақ. Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» компаниясының қолдауымен теміржол вокзалы жанындағы жаңа аспалы жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға беріліп, 125 жылдық тарихы бар Қазалы теміржол вокзалы толық күрделі жөндеуден өтті.
Білім саласында 91 білім беру ұйымында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Биыл 1 015 түлек мектеп бітіріп, оның 99-ы «Алтын белгі», 116-сы «Үздік аттестат» иегері атанды.
Денсаулық сақтау саласында өткен жылы пайдалануға берілген жаңа кардиология және инсульт орталығы халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Компьютерлік томограф іске қосылып, жыл соңына дейін МРТ аппараты орнатылады. Елді мекендерге 26 жаңа санитарлық автокөлік беріліп, жедел жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды.
Спорт саласында жаңа футбол алаңдары пайдалануға беріліп, аудан спортшылары халықаралық жарыстарда 3 алтын, 7 күміс, 6 қола, ал ел чемпионаттарында 14 алтын, 19 күміс және 27 қола медаль жеңіп алды. Мәдениет саласында І жартыжылдықта 875 мәдени-көпшілік іс-шара өткізілсе, әлеуметтік салада 1 732 жаңа жұмыс орны құрылып, жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған жобалар жүйелі жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 100-ден астам сенбілік ұйымдастырылып, 16 755 тонна қоқыс шығарылды, 10 мың түп ағаш отырғызылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында аудан бойынша құқық бұзушылық деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға төмендеді.
Алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындап, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан Қазалы жұртшылығымен бірге ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру жолындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыра береміз.
