Алматы облысында үшем шетінеп кетті: аурухана мән-жайды түсіндірді
Әлеуметтік желілерде Алматы облысындағы ауруханалардың бірінде үш жаңа туған нәрестенің көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Марқұм болған сәбилердің туыстары үшінші баланың қайтыс болғаны жөнінде дер кезінде хабарланбағанын айтқан.
Оқиғаға қатысты Қарасай аудандық орталық ауруханасының мамандары түсініктеме берді. Дәрігерлердің мәліметінше, Ұзынағаш ауылында тұратын жүкті әйел босануға дейінгі медициналық бақылауда болған.
18 шілде күні таңғы сағат 03:00 шамасында әйел қағанақ суының кетуі мен толғақтың басталуына байланысты жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілген. Мамандардың айтуынша, науқастың үшемге жүкті болуына және жағдайының күрделілігіне байланысты оны басқа медициналық мекемеге ауыстыру мүмкін болмаған. Мұндай шешім ана мен нәрестелердің өміріне қауіп төндіруі ықтимал болған.
Дәрігерлердің хабарлауынша, нәрестелер жүктіліктің небәрі 25-аптасында дүниеге келген. Олардың әрқайсысының салмағы 500 граммға да жетпеген.
Мамандардың сөзінше, мұндай мерзімде шала туған сәбилердің өмірлік маңызды ағзалары, әсіресе өкпесі мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді. Сондықтан олардың өмірін сақтап қалу аса күрделі медициналық жағдайлардың бірі болып саналады.
Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі.

