Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға жеке деректері мен қаржылық ақпаратын қорғау үшін цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын ескертеді.
Қазіргі уақытта ең көп таралған киберқауіптердің қатарында фишингтік шабуылдар, зиянды бағдарламалар, құпиясөздерді бұзып алу әрекеттері және түрлі алаяқтық схемалар бар. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін заманауи технологияларды кеңінен пайдалануда.
Әсіресе, жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалатын кибершабуылдар ерекше қауіп төндіреді. Қаскөйлер бұл технологияларды шынайы хабарламаларға өте ұқсас фишингтік мәтіндер әзірлеу үшін қолданады. Сондай-ақ, дипфейк технологиялары арқылы адамның дауысын немесе бейнесін қолдан жасап, азаматтарды алдап, қаржылық шығынға ұшырату жағдайлары жиілеп келеді.
Осыған байланысты мамандар азаматтарды жеке деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, күрделі құпиясөздерді пайдалануға және қаржылық операцияларды жүзеге асыру кезінде сақ болуға шақырады.
Цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау – жеке мәліметтеріңіз бен қаржыңызды кибералаяқтардан қорғаудың ең тиімді жолы.

