Қалалық мәдени-демалыс паркінде қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арналған «Сәлем саған, туған ел!» атты әсерлі Karaoke-Battle кеші ұйымдастырылды.
Музыкалық кеште қала тұрғындары мен қонақтары композитордың халық жүрегінен орын алған танымал әндерін караоке форматында орындап, өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Ән мен әуенге толы шарада қатысушылар көтеріңкі көңіл күй сыйлап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кеш барысында туған елге деген сүйіспеншілік пен ұлттық музыкаға деген құрмет ерекше сезілді.
Шара соңында белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталып, бірқатар тұрғындарға қалалық мәдени-демалыс паркінің аттракциондарына тегін билет ұтысқа берілді. Бұл кешке қатысушылар үшін айтулы естелікке айналып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Музыкалық шара өнерді ұлықтап қана қоймай, қоғамдағы маңызды құндылықтарды насихаттауға да арналды. Кеш аясында тұрғындарға «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы түсіндіріліп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының негізгі мақсаттары кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық жауапкершілікті арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Өнер мен тәрбиелік мәнді ұштастырған бұл кеш қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, ұлттық музыка мен қоғамдық құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.

