Атырау қаласында өз баласына ұзақ уақыт бойы алимент төлеу міндетін орындамаған азаматқа қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Сот шешімімен ол бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, 7 миллион теңгеден астам алимент берешегін өтеуге міндеттелді.
Құзырлы органдардың мәліметінше, қазіргі уақытта сотталған азамат Атырау қалалық пробация қызметінің есебіне алынды. Оның сот жүктеген міндеттерді толық әрі уақытылы орындауы бақылауға алынған.
Пробация қызметінің мамандары азаматпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын сақтау, алимент бойынша қарызды өтеу және алдағы уақытта құқық бұзушылыққа жол бермеу мәселелері бойынша профилактикалық әңгіме өткізуде.
Мамандар алимент төлеу тек қаржылық міндет қана емес, ата-ананың өз баласы алдындағы заңмен бекітілген жауапкершілігі екенін атап өтті. Алименттен жалтару әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғып қана қоймай, ең алдымен баланың заңды құқықтары мен әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізеді.
Пробация қызметі сотталған азаматтардың қоғамнан оқшауланбай түзелуіне жағдай жасап, олардың заң талаптарын сақтауына және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Бұл жағдай ата-аналық міндетті орындаудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындап, алимент төлеуден жалтарудың заң алдында жауапкершілікке әкелетінін көрсетеді.
