Түркістан облысында бюджет қаражатын заңсыз иемденген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты. Іс бойынша 27 адам кінәлі деп танылып, олардың қылмысқа қатысу деңгейіне қарай 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Тергеу мәліметінше, 2016–2021 жылдар аралығында «КТ Яссы Несие» ЖШС-нің басшылығы агроөнеркәсіп саласын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаражатты жымқырудың заңсыз схемасын ұйымдастырған. Аталған қаржы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы ірі қара мал сатып алуға несие ретінде берілген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті анықтағандай, несие рәсімдеу мақсатында жалған тұлғалардың атына шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер тіркелген. Сонымен қатар, өтінімдерге жалған бизнес-жоспарлар, құқық белгілейтін құжаттар және іс жүзінде болмаған кепіл мүліктері ұсынылған.
Ал несие беру процесіне қатысқан мамандар қажетті құжаттарды әзірлеп, жалған несиелік қорытындылар жасап, қаражаттың заң талаптарына сай берілгені жөнінде жалған көрініс қалыптастырған.
Тергеу барысында мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3 миллиард теңгеден асқаны белгілі болды.

