Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді «Стамбұл формуласы 2.0» негізінде қайта жандандыруды ұсынды. Бұл туралы ол Омбы қаласында Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесуі кезінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты Еуропа мен АҚШ тарапынан түрлі пікірлер мен ұсыныстар түсіп жатыр.
«Бұл қақтығысқа байланысты Еуропа мен АҚШ-тан көптеген сигналдар келіп жатыр. Оның табиғаты көпшілікке, соның ішінде бізге де толық түсінікті емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қақтығыстың салдарынан екі елдің де жас азаматтары қаза тауып жатқанын өкінішпен атап өтті.
«Өкінішке қарай, жас адамдар көз жұмып жатыр. Олар – Ресей мен Украина халықтарының болашағы, генетикалық қоры. Сондықтан бұл жағдайды тоқтату қажет. Менің берік сенімімше, қазіргі оқиғалар Ресейге де, Украинаға да қарсы күштердің мүддесіне қызмет етіп отыр», – деді ол.
Сонымен қатар, Тоқаев Қазақстанның Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерде делдал болуды жоспарламайтынын айтты. Дегенмен, еліміз қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін қолдайтынын жеткізді
