Астанада автосалондардың бірінде сату менеджері болып жұмыс істеген ер адам екі тұрғынның автокөлігін алдау жолымен иемденгені үшін сотталды.
Іс материалдарына сәйкес, жәбірленушілер өздеріне тиесілі «Changan CS55 Plus» және «Toyota Camry» көліктерін сату үшін автосалонға тапсырған.
Кейін менеджер көліктерге сатып алушылар табылғанын айтып, иелерін автокөліктерді үшінші тұлғаның атына қайта рәсімдеуге көндірген. Ол сатудан түскен қаражат бірнеше күн ішінде берілетінін айтып сендірген.
Алайда көліктер қайта рәсімделгеннен кейін ер адам түскен ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Оның әрекетінен жәбірленушілерге жалпы 23 млн теңге көлемінде материалдық шығын келген.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтарды ұсынды. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінген.
Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, 3 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Қала прокуратурасы меншікке қарсы қылмыстар үшін мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін екенін еске салды.
