Қазалы ауданында жаңа оқу жылына дайындық аясында алты мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 269,9 млн теңге бөлінген.
Жөндеу жұмыстары Жанқожа батыр атындағы №70, С.Сейфуллин атындағы №165, Қ.Сәтбаев атындағы №216, Қ.Нұрмаханов атындағы №95, Ақсуат ауылындағы №100 және Ү.Түктібаев ауылындағы Б.Әбдіразақов атындағы №88 мектептерді қамтиды.
Қазіргі таңда білім нысандарында едендер мен есіктерді, шатыр мен жылу жүйесін ауыстыру, спорт залдарын жөндеу және ғимараттардың сыртқы бөлігін қаптау жұмыстары атқарылуда.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігерлерге сапаға баса мән беріп, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жөндеу жұмыстарын 20 тамызға дейін толық аяқтап, мектептерді жаңа оқу жылына дайындау жоспарланған.
