Ақтөбе облыстық соты 100 бас жылқыны жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталған 60 жастағы Рахат Сәрсеновке қатысты үкімді өзгертті. Апелляциялық сатыда қосымша дәлелдер зерттеліп, іс бойынша бір ғана жылқының жетіспейтіні анықталды. Нәтижесінде Сәрсенов сот залынан босатылды.
Бұған дейін қожалық иесінің арызы бойынша жылқышыға шамамен 30 миллион теңге шығын келтірді деген айып тағылған еді. Қорғаушы тарап істі қайта қарауды сұрап, апелляцияға жаңа дәлелдер ұсынған.
Рахат Сәрсенов 33 жыл бойы жылқы баққан. Туыстарының айтуынша, ол инсульт алғаннан кейін денсаулығы күрт нашарлап, бір қолы мен аяғы толық жұмыс істемей қалған, сөйлеуі де қиындаған.
Апелляциялық сот үкімді өзгерткеннен кейін Сәрсенов қамаудан босатылып, отбасымен қауышты.
