2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударған азаматтарды қолдаудың жаңа тәртібі енгізілмек. Бағдарлама аясында баспана сатып алуға 7,6 млн теңгеге дейін мемлекеттік көмек қарастырылған.
Жаңа ережеге сәйкес, қоныс аударған отбасының әр мүшесіне 328 510 теңгеден бір реттік төлем беру көзделген. Мәселен, үш адамнан тұратын отбасы 985 530 теңге ала алады.
Бұдан бөлек, қалаға көшкен азаматтарға тұрғын үй жалдау үшін ай сайын 93 860 теңгеден 140 790 теңгеге дейін қаржы төленбек. Ал баспана сатып алуға 7 626 125 теңгеге дейін тұрғын үй сертификаты ұсынылады.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Мемлекеттік қолдауға жұмыссыздар, сұранысқа ие мамандар, шаруа және фермер қожалықтарының басшылары, сондай-ақ қандастар үміткер бола алады.
Қоныс аудару Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан жүзеге асырылады. Азаматтар тек мемлекет бекіткен елді мекендерге қоныстана алады.
Басты талап жаңа өңірде ресми жұмысқа орналасу немесе кәсіп ашу. Ұсынылған тәртіп бойынша көшуге және пәтер жалдауға арналған төлемдер алты ай ресми жұмыс істегеннен кейін беріледі. Ал тұрғын үй сертификатына тағы алты ай өткен соң үміткер болуға мүмкіндік қарастырылған.
Бағдарламаның негізгі мақсаты жұмыс күші тапшы өңірлерді қажетті мамандармен қамтамасыз етіп, қоныс аударушылардың баспана мәселесін шешуге қолдау көрсету.

