Қызылордада миллиондаған доллар инвестиция құйылатын жаңа өндіріс орны бой көтермек. Бұл туралы Шымкентте өткен KGIR-2026 халықаралық инвестициялық форумында белгілі болды.
Әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден аса инвестор бас қосқан ауқымды жиында Сыр өңірінің «Aksa Energy Qyzylorda» және «Fabe agro» компанияларының жобалары халықаралық марапатқа ие болды.
Форум аясында жалпы құны 4,8 млрд доллар болатын 22 құжат рәсімделді. Соның бірі – Қызылордада 8,8 млн долларлық зауыт салу жөніндегі меморандум.
Құжатқа облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен Apex Packaging компаниясының бас директоры Аңсар Мұқашев қол қойды.
Жаңа кәсіпорын «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында салынады. Мұнда жылына 25 млн полипропилен қап пен 1,5 млн биг-бэг өндіріліп, 160 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Осылайша, халықаралық форум Сыр өңіріне жаңа инвестиция тартуға және өндірістік әлеуетін арттыруға жол ашты.
