Kyzdar.net интернет-ресурсына қатысты қылмыстық іс бойынша халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматшасы Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, күдікті трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болып, жеңгетайлық қызметке қатысқан.
Атап айтқанда, топ мүшелері жезөкшелікпен айналысатын адамдардың Kyzdar.net сайтындағы жеке анкеталарын жарнамалау және ілгерілету үшін төлемдер қабылдаған. Түскен қаражаттың белгілі бір бөлігін комиссия ретінде ұстап қалып, қалған соманы сайт ұйымдастырушыларына аударып отырған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстық топтың бірқатар мүшесі бұған дейін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал тергеуден бой тасалаған өзге қатысушыларға халықаралық іздеу жарияланған.
Солардың бірі биыл шілде айында Грузия аумағында ұсталған. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде күдікті елге жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған айыптар бойынша кінәсі сотта дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Экстрадициялау шарасы Қазақстан Бас прокуратурасы, ІІМ Интерпол қызметкерлері және Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды.
Ақпарат көзі: Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы.

