Белгілі ІТ ағартушы Тимур Бектұр балалар тәрбиесіндегі проблемалар жайлы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Тимур Бектұр қазіргі балалардың ештеңеге қызығушылығы жоғын тілге тиек етті.
Шынымды айтайын, өзіміз қараптан-қарап өсіп кеткен соң, қазіргі балалар да солай “қараптан-қарап өсіп кетеді” деп ойлағам ғой.
“Қараптан-қарап өздері өсіп кетеді деп ойладым” дегендегі айтпағым — кезінде біздің қызығушылықтарымыз, армандарымыз болды ғой, қазіргі балаларда да солай біздікіндей аутомат қызығушылық, құлшыныс болады дегем. “Бақсам бақа екен” демекші. Не тут-то было. Дымға қызықпайды. Ешқандай құлшыныс жоқ, деді ол.
“Неге?” деген сауалына өйткені, бұларда барлығы бар дейді ІТ ағартушы.
Қызық керек пе? Смартфон, ойын, ойыншық, ойын-сауық орталығы, барлығы бар.
Біздің кезімізде тіпті оқитын кітап та жоқ еді ғой. Қазіргі балаларға комикс те әпердік, фантастика, ертегі, повесть, роман, қысқа әңгімелер, шетелдік әдебиеттің аудармасы — Құдай-ау не қалайды, барлығы тұр. Оқымайды емес, оқиды. Бірақ біз сияқты құнығып, сіміріп, ішіп отырған тамағын ұмытып кетіп оқымайды. Әйтеуір, тек оқиды. Робототехника? Тұр. Сурет салғың келе ме? Акварель, гуашь, акриль — барлығы тұр. Тағы не десе, барлығы бар. Бірақ көзінде ұшқыны бар бала жоқ, дейді Тимур Бектұр.