Қызылорда облысында балалардың жолдағы қауіпсіздігі мәселесі бойынша шұғыл жиналыс ұйымдастырылды. Жиынды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жүргізіп, оған құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық басқармалар жетекшілері, сондай-ақ қала мен аудан әкімдері қатысты.
Аймақ басшысы жақында болған жеке балабақша көлігінің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасын қатаң сынға алып, бұл оқиға жауапты сала мамандарының жұмысты дұрыс үйлестірмегенін көрсетті деді. Әкімнің айтуынша, бұған дейін бірнеше мәрте ескерту жасалғанына қарамастан, балаларды тасымалдау ісінде жүйелі бақылау орнатылмаған.
«Жеке балабақшаларға тиесілі автобустардағы заңбұзушылықтар полиция тарапынан қадағалаудың әлсіз екенін аңғартады. Жедел басқару орталықтарының, әсіресе патрульдік полицияның жұмысын күшейту қажет. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі ең басты назарда болуы тиіс», – деді өңір басшысы.
Ол барлық білім беру мекемелеріндегі тасымал жағдайын жедел тексеріп, талаптарға сай келмейтін көліктерді анықтап, тиісті шара қолдануды тапсырды. Сонымен бірге мектептер мен балабақшалар аумағында тұрақты түрде рейд жүргізу қажеттігін атап өтті.
Жиналыста облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің талаптарына сәйкес, балаларды тасымалдайтын автобустар екі есікті, арнайы ұстау құрылғыларымен, «Балалар тасымалы» деген жазумен және сары түсті жарқылдауық маякпен жабдықталуы тиіс.
Тексеру барысында 29 мекемеге қатысты әкімшілік іс қозғалып, 75 көлік айып алаңына қойылған. Бұдан бөлек, 58 автобустың мемлекеттік нөмірі алынып тасталды. Жыл басынан бері тасымалдау ережесін бұзған 800-ге жуық жүргізушіге әкімшілік шара қолданылған.
Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін тек оқу орындарында ғана емес, спорттық жарыстар мен мәдени шаралар кезінде де қамтамасыз ету үшін тиісті басқармалар мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.