Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде Бас Прокурор Берік Асылов пен прокуратура органдарының ардагерлерінің әскери қызметшілермен кездесуі өтті. Іс-шара «Сарбазға прокурорлық кеңес» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып, оның басты мақсаты – жас сарбаздардың бойында патриоттық рухты күшейтіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайту болды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың патриотизм туралы айтқан пікірі ерекше аталып өтті. Яғни, Отанды сүю тек сезіммен шектелмей, ел игілігі үшін қызмет етуге ұмтылумен өлшенетіні айтылды.
Әскери бөлімнің жеке құрамымен әңгімелесу кезінде Бас Прокурор «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл ұстаным Ұлттық ұлан қызметінде нақты көрініс тауып келеді. Себебі әскери қызметшілер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын күзетуде жоғары дайындық пен кәсібилік танытуда.

Сонымен қатар әскери қызметтің жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және төзімділікке баулитыны, әрі олардың болашақ кәсіби дамуына жол ашатыны сөз болды. Ұландықтардың төтенше жағдайларда адамдарға көмек көрсетіп, түрлі қауіптің алдын алуда әрдайым алдыңғы қатардан табылатыны ерекше атап өтілді.
Мысал ретінде биыл Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінің сарбаздары үйлеріне қайтып бара жатқан сәтте өрт шыққан жерден тұрғындарды эвакуациялап, жиырмаға жуық адамды, оның ішінде балаларды, қарттарды және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды құтқарып қалған оқиға айтылды.
Кездесу аясында қонақтарға әскери бөлімде қолданылып жатқан заманауи технологиялар таныстырылды. Олардың қатарында жасанды интеллект элементтері енгізілген бейнебақылау жүйелері мен әскери қызметшілер және олардың жақындарына арналған «Жедел желі» қызметі бар. Сондай-ақ әскери техника мен қару-жарақ үлгілері көрсетілді.
Бұдан бөлек, прокуратура органдарының ардагерлері Ұлттық ұланның Орталық мұражайын аралап, әскердің қалыптасу тарихымен, әскери қызметшілердің жетістіктерімен және қызмет жағдайларымен танысты.
Іс-шара соңында құқық бұзушылықтардың алдын алу ісінде белсенділік танытқан әскери қызметшілер Бас Прокурордың марапатына ие болды. Кездесу естелік суретке түсумен және сарбаз ботқасынан дәм татумен аяқталды.
