Қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімі ең алдымен қызметкерлердің кәсібилігіне, заңдылықты қатаң сақтауына және адал қызмет атқаруына байланысты. Осыған орай Қызылорда облысы полиция департаментінде қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметтік әдеп нормаларын сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Бұл бағыттағы негізгі үйлестіруші құрылымдардың бірі – Қызылорда облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы. Басқарма қызметінің басты мақсаты – полиция қызметкерлері арасында заң бұзушылықтарға жол бермеу, қызметтік тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тарапынан жеке құрам арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары, профилактикалық кездесулер, дәрістер мен семинарлар жүйелі түрде ұйымдастырылады. Қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптары, мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидалары және қызметтік тәртіпті бұзудың құқықтық салдары кеңінен түсіндіріледі. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бейнероликтер көрсетіліп, нақты мысалдар арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары жүргізіледі.
Қызмет барысында заңдылықтың сақталуына тұрақты бақылау жасалып, азаматтардан келіп түскен өтініштер мен шағымдар жан-жақты зерделенеді. Әрбір ақпарат заң талаптарына сәйкес тексеріліп, құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда кінәлі тұлғаларға қатысты заң аясында тиісті шешімдер қабылданады. Бұл бағыттағы жұмыстар заң үстемдігін қамтамасыз етуге және қоғамның полицияға деген сенімін арттыруға бағытталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек бақылау шараларымен шектелмейді. Басқарма тарапынан жемқорлық тәуекелдерін анықтау, олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша талдау жұмыстары да жүргізіледі. Қызметтік міндеттерді орындау барысында ашықтық, әділдік және жариялылық қағидаттарын сақтау – негізгі басымдықтардың бірі.
Сонымен қатар қазіргі таңда цифрлық технологияларды енгізу, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсету және адам факторын барынша азайту арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында кешенді шаралар іске асырылуда. Бұл өз кезегінде қызметтің ашықтығын арттырып, азаматтарға сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Қызылорда облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы алдағы уақытта да қызметтік тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жоғары моральдық-әдептік қағидаттарды ұстануына бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.
Заңға құрмет пен адал қызмет – құқық қорғау органдары қызметінің басты өлшемі. Қоғам сенімін сақтау – әрбір полиция қызметкерінің қасиетті міндеті.
