Қызылорда облысының полициясы өңір аумағында көлік құралын басқарып жүрген шетел азаматтарына жүргізуші куәліктерін пайдалану тәртібіне қатысты маңызды ақпарат таратты.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың шетелдік немесе халықаралық жүргізуші куәлігі Қазақстан Республикасына кірген күннен бастап 60 күн өткен соң еліміздің аумағында жарамсыз болып есептеледі.
Осыған байланысты, Қазақстан аумағында көлік құралын заңды түрде басқаруды жалғастыру үшін шетел азаматтары Қазақстан Республикасының жүргізуші куәлігін алуы қажет.
Ол үшін үміткерлер белгіленген құжаттар топтамасын ұсынуы, шетелдік жүргізуші куәлігінің мемлекеттік немесе орыс тіліндегі нотариалды куәландырылған аудармасын тапсыруы және теориялық емтиханнан сәтті өтуі тиіс.
Сондай-ақ, 1968 жылғы 8 қарашадағы «Жол жүрісі туралы» БҰҰ Конвенциясының талаптарына сәйкес келмейтін мемлекеттердің жүргізуші куәліктері Қазақстан Республикасында алмастыруға жатпайтыны ескертілді.
Полиция қызметкерлері шетел азаматтарын жол қозғалысы ережелерін сақтап, жүргізуші құжаттарын уақытылы рәсімдеуге шақырады.

