Көп әйел алғанын айтып, отбасын асырауға қаржысы жетпейтінін мәлімдеген блогер құқық қорғау органдарының назарына ілікті.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында көп әйел алуды насихаттайтын бейнематериалдар жариялаған. Видеоларда ер адам мұндай өмір салтын қалыпты жағдай ретінде сипаттап, оның артықшылықтары туралы пікір білдірген.
Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, мұндай мазмұндағы жарияланымдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейді әрі отбасы құндылықтары мен отбасы институтына деген қоғамдық құрметке кері әсер етуі мүмкін.
Аталған факті бойынша блогерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынуы ықтимал.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің түсіндіру жұмыстарынан кейін ер адам әлеуметтік желідегі көп әйел алуға қатысты жариялаған жазбаларын өз еркімен өшірген.

