Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың инфляция деңгейінен де жоғары баға өсімін күтуіне ақпараттық орта мен экономикалық жаңалықтардың әсер ететінін айтты.
Оның мәліметінше, еліміздегі жылдық инфляция 10,3 пайызды құраса, халықтың инфляциялық күтулері 13,4 пайызға жеткен. Яғни, азаматтар алдағы уақытта тауарлар мен қызметтердің бағасы ресми көрсеткіштен де жылдам өседі деп болжап отыр.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, инфляциялық күтулер халықтың ақшаны қалай жұмсайтынына, жинақтайтынына және инвестициялауына тікелей әсер етеді. Сондықтан Ұлттық банк қазіргі инфляция көрсеткішімен қатар, тұрғындардың болашақтағы баға өсімі туралы болжамдарын да назарға алады.
«Егер жаңалықтарда тарифтердің өсуі, қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуі, теңгенің әлсіреуі мен доллар бағамының өскені туралы жиі айтылса, адамдар нақты инфляция деңгейіне қарамастан, бағаның одан әрі қымбаттайтынын күтеді. Біз нақты инфляция мен халықтың инфляциялық күтулерінің арасындағы айырмашылықтың азайғанын қалаймыз. Алайда бұл оңай міндет емес. Сондықтан инфляция баяулаған күннің өзінде базалық мөлшерлемені тез төмендете алмаймыз», – деді Ұлттық банк басшысы.
Ол сондай-ақ халықтың баға өсімі туралы пікірінің қалыптасуына бұқаралық ақпарат құралдарының да ықпалы зор екенін атап өтті. Осыған байланысты реттеуші орган өз шешімдерінің себептерін азаматтарға барынша түсіндіруге тырысып келеді.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдады.
Брифингте Тимур Сүлейменов тағы не айтты?
Майнинг компаниялары өз табысының бір бөлігін Ұлттық банкке аударуы мүмкін. Қазіргі уақытта олардың криптовалюта түріндегі кірісінің 10 пайызын Ұлттық банкке беру мәселесі қарастырылып жатыр.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі нарықтық ипотеканың бірден арзандайтынын білдірмейді. Банктерге несие шарттарын қайта қарау үшін белгілі бір уақыт қажет болады.
Тимур Сүлейменов қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияларға аудармас бұрын олардың қызметімен мұқият танысып шығуға кеңес берді.
