Оқиға өткен жылдың желтоқсан айында Қарағанды қаласында тіркелген.
78 жастағы зейнеткерге көшеде белгісіз екі әйел жол сұраған болып жақындасып, сөзге тартқан. Кейін олар әйелге өзіне «қарғыс» жасалғанын айтып, егер оны тез арада қайтармаса, жақындарының біріне қауіп төнетінін жеткізген.
Күдіктілер түрлі «жоралғылар» жасап, қарғыстан арылудың жолы ретінде барлық алтын бұйымдары мен қолындағы ақшаны газетке орап беруді талап еткен. Сеніп қалған зейнеткер олардың айтқанын орындап, нәтижесінде шамамен 15 миллион теңге көлеміндегі қаражаты мен бағалы заттарынан айырылған.
Полиция мәліметінше, тергеу барысында күдіктілердің Павлодар, Алматы қалалары және Жетісу облысының тұрғындары екені анықталған. Сондай-ақ олардың осыған ұқсас өзге де алаяқтық деректеріне қатысы болуы мүмкін екені тексерілуде. Күдіктілер Теміртау қаласында қолға түскен.
Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
