Көкшетауда облыстық соттың екі қызметкерінің араға бір жарым айға жуық уақыт салып қайтыс болуы қоғам назарын аударды. Алдын ала мәлімет бойынша, екі оқиға да суицид болуы мүмкін. Марқұмдардың жақын дос болғаны анықталған.
Алғашқы қайғылы жағдай 13 қыркүйекте тіркелген. Сот қызметкері Аян Дүйсековтің денесі өз үйінен табылған. Полиция «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеу бастаған. Тексеру барысында марқұмның шамамен 5 миллион теңге қарызы болғаны, құмар ойындарға әуестенгені және отбасылық қиындықтарды бастан өткергені белгілі болды. Алайда оның өлімінің қызметімен байланысы анықталмай, қылмыстық іс тоқтатылған.
Арада 47 күн өткенде, 30 қазанда облыстық соттың ішкі қауіпсіздік бөлімінде жұмыс істеген Ақан Дайыркеннің денесі көпқабатты үйдің жертөлесінен табылды. Ол Аянның жақын досы болған әрі қыркүйектегі қайғылы оқиға кезінде оның денесін алғаш тапқандардың қатарында жүрген.
Әріптестерінің айтуынша, досының қазасынан кейін Ақанның көңіл күйі өзгеріп, тұйықтала бастаған. Кейін оның психиатр маманға жүгінгені белгілі болды. Тергеу кезінде жақындарынан кешірім сұраған жазбасы да табылған.
Бір мекемеде еңбек еткен, бір-бірімен жақын араласқан екі азаматтың қысқа уақыт ішінде көз жұмуы кездейсоқтық па, әлде оқиғалар арасында байланыс бар ма?
Мамандар мұндай жағдайларды талдағанда бір адамның қайғылы қазасы өзге осал жағдайдағы адамдарға психологиялық әсер етуі мүмкін екенін ескереді. Бұл құбылыс ғылымда «Вертер әсері» деп аталады. Дегенмен аталған екі өлімнің арасында тікелей байланыс бар екені дәлелденген жоқ.
Екінші оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталмақ.

