Елордада күндізгі уақытта болған төбелес тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды. Ер адам егде жастағы кісіге күш көрсетіп қана қоймай, оны қорғауға ұмтылған әйелге де шабуыл жасаған.
Оқиға Астананың Майлин көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.
Куәгерлердің сөзінше, ер адам алдымен зейнеткерді соққыға жыққан. Мұны көрген әйел қарияға араша түспек болғанымен, күдікті оның соңынан қуып жетіп, ұрып-соққан.
Астана қалалық Полиция департаменті оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы азаматтың ұсталғанын хабарлады. Алдын ала болжам бойынша, ол сол сәтте алкогольдік масаң күйде болған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Қарияға құрмет көрсету – адамгершіліктің белгісі. Ал оған араша түскен жанның да зорлық көруі қоғамдағы қауіпсіздік пен азаматтық жауапкершілік мәселесін тағы бір мәрте көтеріп отыр.

