Ақмола облысында төрт автокөлік қатысқан жантүршігерлік жол апаты үш адамның өмірін қиды. Қаза тапқандардың арасында елордадағы қызына қонаққа барып, үйлеріне қайтып келе жатқан ерлі-зайыптылар да бар.
Қайғылы оқиға 1 қараша күні кешкі уақытта Астана – Петропавл тасжолында, Макинск қаласына жақын жерде болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota Camry көлігі алдымен жол қоршауына соғылған. Артынша Kia Rio мен Chevrolet Cobalt автокөліктері де апатқа ұшыраған.
Соқтығысудан кейін Toyota Camry жүргізушісі мен жолаушысы жолдың қозғалыс бөлігіне шығып кеткен. Сол сәтте өтіп бара жатқан Geely көлігі екі әйелді қағып, екеуі де оқиға орнында көз жұмған.
Жол апатынан жарақат алған бес адам ауруханаға жеткізілген. Өкінішке қарай, басынан ауыр жарақат алған ер адам дәрігерлердің әрекетіне қарамастан көз жұмды. Осылайша, қаза тапқандар саны үш адамға жетті.
Марқұмдардың бірі — Петропавл қаласындағы №2 емхананың қызметкері Айгүл Жуандықова. Әріптестері оның қазасына байланысты жақындарына көңіл айтты.
Қызының үйінен қайтып келе жатқан ерлі-зайыптылардың сапары осылайша қайғымен аяқталды. Бір сәтте үш адамның өмірі қиылып, бірнеше отбасы қара жамылды.

