Атырауда үш тұрғынды белгісіз біреулер атып кетті, деп хабарлайды kaztoday.kz.
«Астана» арнасының мәліметінше, Сағыз ауылымен шекаралас Ақтөбе облысының Байғанин ауданы аумағында Subaru Outback маркалы автокөлігінің ішінде отырғандарға белгісіз адам оқ атқан. Салдарынан 40, 41 жастағы үш тұрғын маңдай, кеуде тұстары, мойын, иық бөлігі жарақатын алған.
Жаралылар дереу аудандық ауруханаға жеткізілген.
«Науқастың қазіргі жағдайы ауыр, тұрақты. Осы жерде толықтай емін қабылдап жатыр. Алынбайды ол оқ. Бірінші жансақтау бөлімінде жағдайын тұарқтандырды. Сосын таңертең бөлімшеге аударды. Сағат тоғыз жарымда. Біреуі бұған дейін де атылған адам. Оқтары әлі жатыр», — дейді облыстық аурухана директорының хирургия жөніндегі орынбасары Дәурен Шанаев.
Қалған екі науқас облыстық ауруханаға ауыстырылған. Туыстарының сөзінше, бұдан үш жыл бұрын осы үш жігітті атып кетіп, енді жазылған екен. Жараланғандардың жақындары атыстың неден болғанын білмей отыр.
Полиция күдіктілер іздестіріліп жатқанын хабарлады.
«Аталған фактіге қатысты қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады. Қазіргі уақытта қақтығысқа қатысушыларды анықтау және ұстау үшін кешенді іс-шаралар жүргізілуде», — дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.