Нәресте «саудасына» байланысты сот шешімі жарияланды, деп хабарлайды Kaztoday.kz.
Қарағандыда жаңа туған сәбилерді биологиялық анасынан бала сүю мүмкіндігінен айырылған отбасыларға заңсыз беру ісіне қатысты сот процесі аяқталды. Бұл резонансты істің үкімі Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында шығарылды.
Судья Дулат Бурабаев шығарған үкім бойынша, 6 айыпталушының екеуі сот залында қамауға алынды, қалған төртеуі шартты жаза алды.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы («Кәмелетке толмағандарды заңсыз беру») бойынша қаралды. Тергеу дерегінше, бала асырап алу процесіне қалалық перзентхананың медбикесі көмектескен. Бастапқыда бұл әрекетке ақша алынды деген болжам айтылғанымен, дәлел табылмаған. Сол себепті іс «балалар саудасы» емес, «заңсыз беру» ретінде қайта сараланды.
Тергеу материалдарында биологиялық ана 2022 жылы туған қызын және 2023 жылы туған ұлын босанғаннан кейін бірден басқа адамдарға бергені көрсетілген. Сәбилердің туу туралы куәліктері бірден асыраушы әкелердің атына тіркеліп, кейіннен олардың әйелдері ресми түрде бала асырап алу рәсімін жүргізген.
Мемлекеттік айыптаушы барлық айыпталушыны 8–9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сотталушылар кінәларын мойындамады. Биологиялық ана сотта:
«Мен балаларымды сатпадым. Оларды жетімдер үйіне тапсырған жоқпын, керісінше, мейірімді отбасыларға бердім. Бұл қадамға жеке пайда үшін емес, балам жақсы өмір сүрсін деген ниетпен бардым», – деді.
Ал асырап алған ата-аналар соңғы сөздерінде:
«Біз бұл балаларға шын жүректен мейірімімізді беріп жатырмыз. Олар бізді туған ата-анасындай қабылдап кетті. Балаларды қазіргі отбасында қалдыруды сұраймыз», – деп мәлімдеді.
Сот үкімі бойынша, нәрестенің биологиялық анасы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Перзентханадағы медбике 8 жылға орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді (екеуі де сот залында қамауға алынды). Ерлі-зайыпты 2 жұп 8 жылға шартты түрде сотталды.