Шардара ауданында 70 жастағы қарияның қазасы бүкіл ауылды дүр сілкіндірді. Көршілердің айтуынша, ақсақалды ұлы жиі ұрып-соғып, қорлық көрсеткен. Тіпті бірде ауылдастар оның әкесін қан-жоса етіп сабап, сүйреткен сәтін видеоға түсірген. Бұл бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, үлкен резонанс тудырғанымен, қарияны қорғап қалған ешкім болмады.
Есіркеп есімді ақсақал инсульт алған, жүріп-тұруы қиын науқас жан болған. Соған қарамастан ұлы Алмас Садақбаев оған қатыгездік танытты. Бұған дейін әкімдік ескерту жасағанымен, жағдай өзгермеген. Ақыры бес күн бұрын қария дүние салды.
Алмас Садақбаев қазір қамауға алынды. Оның кінәсін тергеу анықтамақ. Жергілікті халық марқұмның бейкүнә қазасына күйініп, «қорғансыз қарияға неге ешкім араша түспеді?» деп ашына айтуда.

