2025 жылдың 12 шілдесінен бастап елімізде адамның келбетін толық жабатын киімдерді қоғамдық орындарда киюге шектеу енгізілді. Осыған байланысты Қызылорда облысының полицейлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Тәртіп сақшылары базарлар мен аялдамаларда, ойын-сауық орындарында тұрғындарға жаңа талаптың мәнін түсіндіріп, оның құқықтық негіздері мен сақталу маңыздылығын жеткізуде.
Жаңа ереженің басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтарды жедел сәйкестендіру. Бұл шектеу маска, никаб секілді жүзді толықтай тұмшалайтын киімдерге қатысты. Дегенмен ол медициналық қажеттілікке, ауа райы жағдайына, спорттық және мәдени шараларға қолданылмайды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл талап ешкімнің діни сенімі мен дәстүріне қарсы емес, тек қауіпсіздікті арттыруды көздейді. Заңды елемеу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Аймақта түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оған қоғам белсенділері, жергілікті билік пен діни ұйым өкілдері де атсалысуда.